Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық қабылдаулар қызметін жандандыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қоғамдық қабылдаулардың қызметін жандандыру қажет. Партияның бүкіл ел бойынша 238 қоғамдық қабылдау бөлмесі бар, бірақ олардың жұмысы онша көрінбейді. Сонымен бірге, азаматтардың барлық өтініштерін бақылауға алып, қатаң қадағалап отыру маңызды», - деді Мемлекет басшысы «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXI съезінде.
Президенттің айтуынша, лауазымды адамдар тарапынан әділетсіздік немесе немқұрайлы қарау байқалса, оларды партиялық жауапкершілікке тарту керек. Болары болып, бояуы сіңгесін әрекет етпей, алдын ала жұмыс істеу қажет.
«Жұмыстың едәуір бөлігін проактивті форматқа көшіруге болады, яғни өтінімдерді талдап, алдын ала жүйелі проблемаларды анықтап, олар жөнінде партия басшылығына немесе Үкіметке дабыл қағуға болады», - деді Тоқаев.