02 жел, 2020 сағат 15:55

Nur Otan-нан шығарылған Әлтаев: Байлаулы қолымды шешті

Мәжілістің экс-депутаты Нұржан Әлтаев Nur Otan партиясынан шығарылып, депутаттық мандаттан айырылуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, партиядан шығу партия басшылығымен келіспей, ашық пікір білдіруге мүмкіндік береді.

"Мен партия тәртібін құрметтеймін, алайда Қазақстан халқына одан да зор құрметпен қараймын. Мен халықтың өтінішіне бейжай қарай алмадым, кейде менің депутаттық сауалым фракцияның келісімін алмайтын. Триггерге осы жылдың жазы себеп болды. Пандемия кезінде адамдар қайтыс болды, пандемиямен күресуге бөлінген қомақты қаражатқа қарамастан, адамдар медициналық көмек ала алмады", - деді Әлтаев брифинг барысында.

Нұржан Әлтаев биліктің барлық деңгейіндегі сыбайлас жемқорлық, сондай-ақ үкіметтің халық алдында есеп бермеуі елдегі үлкен проблема екенін атап өтті.  

"Мен премьер-министрді парламентке халық алдында есеп беруге шақырдым, бірақ ол кісі келмеді. Жауап жазылған хат жолдады, алайда ол хат мені де, сайлаушыларды да қанағаттандырмады. Жазда болған барлық оқиғадан кейін елге елеулі саяси реформалар қажет екенін түсіндім. Бұл проблеманың бәрі жылдар бойы жинақталды", - деді депутат.

Әлтаев алдағы парламенттік сайлау туралы да айтты.

"Халықтың немен күн көріп отырғаны шенеуніктерді аса қатты толғандырмайды. Адамдардың табысы айтарлықтай төмендеді, ал бұл туралы үндемей, отырып алып бағдарламалар мен жетістіктер туралы айту дұрыс емес деп санаймын. Проблемалар мен фактілер туралы айтқанда ережелер мен заңдарды бұзып жатырмын деп ойламаймын. Біздің билікке сын қажет. Мәселелерді мойындау керек және бәрін бірге шешу керек. Біз елге қарсылас емеспіз, біз проблемаларды шешкіміз келеді. Ол үшін шындықты айту керек. Nur Otan партиясы, өкінішке қарай, бүгінгі күні бұл шындық пен сынға әлі дайын емес. Сондықтан адамдардың проблемаларын айтқан депутатты шығарып тастау туралы шешім қабылданған шығар. Мен бұл шешімге (партиядан шығаруға) қуаныштымын, байлаулы қолымды шешті деп айтуға болады", - деп атап өтті Әлтаев.

Әлтаев Nur Otan партиясынан шығарылды

27 қарашада Нұржан Әлтаев El Tiregi өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағы негізінде өз партиясын құратынын мәлімдеді. Ол Қазақстанда саяси плюрализм жоқ екенін, тек Nur Otan партиясы бар екенін айтты.

30 қарашада Орталық сайлау комиссиясы өз қаулысымен Нұржан Әлтаевты депутаттық мандаттан айырды. Кейін депутатты партиялық тәртіпті бұзғаны үшін Nur Otan партиясынан шығарғаны белгілі болды.