Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен елімізде кәсіпкерлікке қолдау көрсету және жаңа заманауи өндіріс ошақтарын құру мақсатында бірқатар игі істер қолға алынуда. Солардың жүзеге асу барысын қадағалап, атқарылған жұмыстармен танысу мақсатында бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Қарағанды облысына барды.
Сапар барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед мамандандырылған көлік-логистикалық орталықтың аумағында орналасқан «Ригер» ЖШС-ға арнайы барды. Бұл жерде дәрі-дәрмектер мен медициналық заттар сақталады. Мұндағы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетілген. Жобаның жалпы құны – 1 млрд. 372 млн. теңге. Осы ретте кешеннің басы тұтынушылары Қазақстанның ірі фармацевтикалық компаниялары екенін де атап өткен жөн.
Сонымен қатар, партия Төрағасының Бірінші орынбасары жаңадан іске қосылған ескірген көліктерді жою зауытында болды. Зауытта автоқалдықтардан пештік отындар, шойын, болат, алюминий, түрлі-түсті металл құймалары және резеңке қиындылары дайындалады.
Бұл екі кәсіпорынның Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы және «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламаларының нәтижесінде іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн.
Бұдан басқа, Мұхтар Құл-Мұхаммед «Изоплюс Орталық Азия» ЖШС-ға барды. Мұнда құбырларды изоляциялау жұмыстары жүргізіледі. Зауыттың басты ерекшелігі өнім сапасының әлемдік стандарттарға толығымен сай болуында. Сондай-ақ, өндіріс ошағы «жасыл технологияға» негізделген. Соның нәтижесінде бұл жерден ауаға зиянды қалдықтар таралмайды. Зауыттың өнімдері жылу құбырларынан бастап мұнай құбырларын жүргізуге дейін қолданылады.
Мемлекет басшысының игі бастамаларының нәтижесінде еліміздің барлық өңірінде осындай ірі өндіріс орындары жұмысын бастағанын айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Елбасымыз бүкіл елімізге, әрбір қазақстандыққа қажет жағдайдың бәрін жасады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қабылданды, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бекітілді, оларды жүзеге асыру үшін жыл сайын триллиондаған теңге қаражат бөлінуде. Енді бізге тек білек сыбанып жұмыс істеу ғана қалды. Бүгін мен Қарағанды облысында Елбасы тапсырмаларының табысты орындалғанының куәсі болдым», – деді.
Ұлттың жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың елімізге берері мол. Сондықтан Елбасы бастамаларының сәтті орындалуына әр қазақ мүдделі болуы керек. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясының қолға алған ісі көңіл қуантады.