Азаматтар көбінесе партияның филиалдарына келіп, коммерциялық мақсатта жер туралы ақпараттың ашық еместігіне, рұқсат алу уақытының бірнеше айға созылу фактілеріне жиі шағымданады. Бұл туралы партия Хатшысы Тамара Дүйсенова Ақтөбеде партиялық жобалардың және Елбасы бастамасының жүзеге асуын бақылау барысында баяндады.
Сондықтан Партия осы жұмысты күшейту үшін, бизнесті дамытуға арналған жобаларды қолға алған. «Бизнестің геоақпараттық онлайн – сервисі» партиялық жобасы осы мәселелерді шешуге бағытталған.
Тың партиялық жоба алғашқы болып Ақтөбеде жүзеге асырылуда. Бүгінде Ақтөбе қаласының бірыңғай геоақпараттық порталы іске қосылған. Бұл жерде бизнеске қажетті ақпаратты бір жерден алуға мүмкіндік береді. Бос тұрған жер учаскелері, аукциондар және оларға қойылатын талаптарды бір ғана ақпарат көзінен ала алады.
- «Бизнестің геоақпараттық онлайн – сервисі» партиялық жобасы жер телімдерін алуда ашықтықты қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық жағдайларының болуының алдын алады. Қазіргі күні «Нұр Отан» осы жұмысты қоғамдық бақылауда ұстап, Үкіметпен бірлесіп осындай біріккен онлайн жүйе құруды жалғастырады, - деді партия Хатшысы.
Сондай-ақ, Тамара Дүйсенова мектептерде берілетін тағамдардың жағдайы мен сапасын жақсартуға бағытталған «Мектеп асханаларын жаңғырту» жобасы аясында ашылған «Атамекен» тамақтану комбинатының қызметімен танысты. Қазір аталмыш комбинат Ақтөбе қаласындағы 4 мекепте қызмет көрсетіп, 3 мыңға жуық мектеп оқушысын табиғи таза өніммен түстендіруде.
«Атамекен» мектептегі тамақтану комбинаты жұмысымен танысқан Тамара Дүйсенова Ақтөбе қаласының тәжірибесін республика бойынша қолдану керектігін айтты.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысына сапары барысында партия Хатшысы партиялық жоба бойынша Ақтөбе политехникалық колледж жанынан ашылатын ІT-сыныптың жұмысымен танысты. Политехникалық колледжі жанынан қыркүйек айының соңында оқыту және қайта даярлау IT-орталығы ашылады. Студенттер бұл жерден "Full-stack әзірлеу", "Мобильді әзірлеу", "Big Data Analysis", "Әкімшілік деректер" бағыттары бойынша білім алады.
Мұнда 35 оқу кабинеті, 15 зертхана, 9 шеберхана, интерактивті құралдардың 8 кешені, мультимедиялық және лингафон кабинеттері, физика, химия кабинеттері, 8 компьютерлік сыныптар бар. Сондай-ақ 104856 кітап қоры бар кітапхана, мәжіліс залы, 2 спорт залы, 2 асхана және 110 орындық жатақхана да студенттердің иелігінде.