«Nur Otan» партиясының баспасөз хатшысы Тимур Базарбаев Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің әкімдердің және «Nur Otan» партиясының филиалдары төрағаларының лауазымдарын біріктіруіне қатысты мәлімдемесіне жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мен А. Перуашевтің әкім мен«Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы қызметтерін біріктіруге жол берілмейтіні туралы мәлімдемесін оқыдым. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, бұл мәлімдеменің түсініксіз екенін атап өткім келеді. Мемлекеттік және партиялық жұмысты біріктіру тәжірибесі көптеген елде бар (Германия, Италия, Португалия, Испания, Бельгия, Австрия және т.б.) және олар бір мақсатты көздейді. Ол - жеңіске жеткен партияның сайлау алдындағы уәделерін сапалы орындау.
Мысалы Маттео Ренци бір кездері Флоренция мэрі және Италия Демократиялық партиясының жетекшісі лауазымдарын бірге атқарды. 2013 жылы Бельгияның Антверпен қаласының мэрі болып сайланған Барт де Вевер «Жаңа фламанддық альянс» партиясының жетекшісі болды. 2018 жылдың наурызынан бастап Саардың премьер-министрі Тобиас Теодор Ханс ХДС төрағасы атанды. 2007-2015 жылдар аралығында Лиссабон мэрі болған Антонио Коста Португалияның социалистік партиясын басқарды. Демократиясы дамыған елдерден мұндай мысалдар жетерлік.
«Ақ жол» партиясының төрағасы өзінің сұхбаттарының бірінде «үкімет құрамын (атқарушы билік деп оқыңыз) президенттің мақұлдауына парламенттік сайлауда жеңген партия ұсынуы керек» деген болатын.
Өздеріңіз білетіндей, біздің елде әкімдер «Nur Otan» партиясының мүшелері болып отырған мәслихаттар депутаттарының келісімімен тағайындалады. Ал лауазымдарды үйлестіру - бұл А. Перуашев айтқандай, «жүйелі жұмыстар жүргізуге және нәтижелер үшін жауап беруге» мүмкіндік беретін оңтайлы тәсіл.
«Nur Otan» филиалының төрағасы лауазымы - бұл артықшылық емес, орасан зор жауапкершілік және үлкен әлеуметтік жүк!
«Олар билікке емес, бүкіл халыққа қызмет етсін» деген тілектің өзі - ұғымдарды алмастыру үшін сөзді ойнатудан басқа ештеңе емес. «Nur Otan» партиясының қызметі шағын бизнесмендер тобының мүдделерін қорғауға емес, елдің бүкіл тұрғындарын, барлық әлеуметтік топтарын жүйелі қолдауға бағытталған. «Nur Otan» кейбіреулерге қарағанда көпшіліктің, барлық қазақстандықтардың партиясы.
Пандемия кезінде «Ақ жол» өзін бизнес жағында екенін көрсете отырып, кәсіпкерлерді біріктіріп, мұқтаж азаматтарға қолдау көрсете алатынын байқатпады. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы бірнеше эпизод көз алдау болып шықты.
«Nur Otan» болса осы бағытта теңдессіз істерді атқарды. «Birgemiz» қоры арқылы төлемдерден басқа, азық-түлік пен қажетті тауарларды жеткізді, қай партияда екеніне қарамастан барлық азаматтарға кеңес берді. Биыл 350 мыңнан астам азамат тек қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы партияны қолдауға өтініш білдірді, бұл тіпті «Ақ жолдың» мүшелерінің ресми жарияланған санынан да көп.
Akzhol.kz-тің хабарлауынша, 2016 жылғы желтоқсандағы жағдай бойынша бұл партия мүшелерінің саны 255 800 адамды құраған. Өткен парламенттік сайлаудағыдай (7,18% дауыс) олар өз партиялары үшін дауыс береді деп үміттенемін, егер олар, әрине, өздерінің мүшеліктерін ұмытып кетпесе болды.
«Nur Otan» сияқты әкімдерді өз қатарларынан ұсына білу үшін сайлауда жеңіске жетіп, өз әліңізді сөзбен емес, іспен дәлелдеуіңіз керек. Батыстағы ергежейлі партиялардың өзі мұндай конструктивті сипаттан тыс мәлімдемеге жол бермейді», - деп жазады Тимур Базарбаев Facebook парақшасында.