29 қаң, 2021 сағат 05:23

Novavax вакцинасы тиімді, бірақ Covid мутациясының тегеурініне төтеп бере алмайды

Америкалық Novavax биотехнологиялық компаниясы Ұлыбританияда жүргізілген сынақ коронавирусқа қарсы вакцинасының шамамен 90 пайыз тиімді екенін көрсетті деп хабарлады. Компания 28 қаңтарда таратқан хабарламасында "Covid-ке қарсы әзірлеген вакцина вирус мутациясына қарсы тұра алады" деп мәлімдегенмен "вакцинаның Оңтүстік Африкада тарап жатқан мутациясынан қорғау дәрежесі едәуір төмен" деді.

Денсаулық сақтау саласының мамандары коронавирусқа қарсы вакциналар алғаш Ұлыбритания, Бразилия және Оңтүстік Африкада анықталған вирустың өзгерген түріне қажетті дәрежеде төтеп бере ала ма деген мәселеге алаңдап отырған шақта компания мәлімдеме жасады.

Осы апта басында Moderna және Pfizer/BioNTech компаниялары өздері әзірлеген вакцинаның британдық штамға төтеп бере алатынын, бірақ Оңтүстік Африкадағы түрінен қажетті дәрежеде қорғай алмайтынын айтқан.

Novavax компаниясының айтуынша, Ұлыбританияда 15 мың адам арасында жүргізілген сынақ Novavax вакцинасының 89,3 пайыз тиімді екенін көрсеткен. Бұл тиімділігі 95 пайыз делінген Pfizer/BioNTech және Moderna вакциналарының көрсеткіштеріне жақын. Сынақ Ұлыбритания вирустың жылдамырақ тарайтын түріне кезігіп, науқастар күрт көбейген шақта жүргізілген. Сол кезде вакцина одан тиімді қорғай алатынын дәлелдеген. Ал Оңтүстік Африкада жүргізілген екінші кезеңдегі сынақ Novavax вакцинасының ВИЧ жұқпаған адамдарды коронавирустан 60 пайыз ғана қорғай алатынын көрсеткен.