24 ақп, 2020 сағат 07:13

Невада штатындағы демократтар таңдауында Байден жеңіліп, Сандерс жеңді

Демократиялық партия атынан АҚШ президенті сайлауына кандидат болудан үміткер Берни Сандерс әйелімен бірге Нью-Гемпшир штатындағы электоратпен кездесуге келіп тұр. Манчестер, 11 ақпан 2020 жыл.

Вермонт штатының сенаторы Берни Сандерс 47 пайызға жуық дауыс алып, Невада штатындағы демократиялық партияның бастапқы дауыс беру процесінде сенімді түрде жеңіп шықты.

Бұл жеңіс Сандерстің демократиялық партия атынан АҚШ президенттігіне кандидаттық үшін күрестегі мүмкіндігін күшейтеді. Экзитпол мәліметтеріне қарағанда, Сандерсті жас ерекшеліктері әртүрлі болғанына қарамастан сайлаушылардың басым көпшілігі қолдаған.

Айова және Нью-Гемпшир штаттарына қарағанда Невада штатындағы электорат ішінде этникалық азшылықтың үлесі айтарлықтай көп.

АҚШ-тың бұрынғы вице-президент Джо Байден 20 пайыздан аз дауыс жинап, екінші орын алған. Бақылаушылардың пікірінше, Оңтүстік Каролина штатындағы бастапқы дауыс беру процесінде тек қана жеңіске жетпесе Байденің жағдайы қиындай түседі. Айова мен Нью-Гемпширдеде жеңіліп, Невада да түзеле алмағаны - осыған дейін демократиялық партияның президенттікке басты кандидаты аталып келген Байденнің рейтингін айтарлықтай түсірген.

Қазір Байденді демократтардың орта есеппен 18 пайызы, Сандерсті 29 пайызы қолдайды. Сандерстің қарсыластары, демократиялық партияның центристері "Сандерс президент сайлауына түссе демократтар жеңіледі, өйткені өзін "демократ социалист" деп санайтын және радикалды әлеуметтік - экономикалық өзгеріс жасауды ұсынып жүрген адамды америкалықтардың көпшілігі қолдамайды" деп санайды.