Қазақстанда 1 миллионнан астам адам негізгі борыш сомасын өтеу және заимдар бойынша сыйақы есептеуді кейінге қалдыруды сұрап, банктерге өтініш берген. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова бүгін онлайн-брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«9 сәуірдегі жағдай бойынша, 1 млн 137 мыңға жуық адамнан өтініш түсті. 983 мыңнан астам жеке тұлғаның өтініші бойынша шешім қабылданды. Несиені төлеу мерзімін шегеру бойынша өтініштер әлі де қабылдануда. Банк өтінішті 10 күн ішінде қарайды. Егер әлеуметтік жағынан аз қамтылған адам өтініш берсе, ол бойынша тез арада шешім қабылданады. Мұндай жағдайда 10 күн күтудің қажеті жоқ. Банктер бұл процесті онлайн режимде де жүргізіп жатыр», – деді Елена Бахмутова.
Сонымен қатар ол карантин кезінде банктер таңғы сағат 9.00-ден бастап, кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейтінін атап өтті.