16 қаң, 2023 сағат 10:37

Непалдағы ұшақ апаты кезінде жолаушы тікелей эфирге шығып отырған

Фото:EPA/Vostock-photo

Әлеуметтік желілерде Непалда құлаған ұшақ бортынан түсірілген видео таралып жатыр. Жолаушылардың бірі қайғылы оқиға алдында Facebook-те тікелей эфирге шығып отырған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz порталы.

"Үндістан тумасы - Сону Жайсвал (Sonu Jaiswal) есімді 35 жастағы азамат Facebook арқылы тікелей эфирге қосылып, Yeti Airlines әуекомпаниясы ұшағы апатқа ұшыраған сәтті түсіріп алған, ол өзі және тағы 67 адам қаза тапты", - деп хабарлайды Twitter-де El Dato Noticias Morelos арнасы.

Ер адам өзін, айналасындағы жолаушыларды және терезедегі көріністі видеоға түсіріп алған. Кадрларда ұшақ төмендей бастағанын көруге болады. Барлық жолаушының көңіл күйі көтеріңкі болған. Кенеттен айқай естіліп, видеода жағдай күрт өзгереді. Ер адамның камерасына жазылған соңғы нәрсе - шарпыған жалын, сықырлау және металл құрылымының сынықтары.

Еске салайық, жексенбіде ATR 72 турбовинтті жолаушылар ұшағы Покхара қаласының ескі және жаңа әуежайлары арасында апатқа ұшырады. Жергілікті Yeti Airlines әуекомпаниясына тиесілі ұшақ Катмандудан Покхараға ұшып келе жатқан.

Әуекомпаниясының өкілі бортта 68 жолаушы мен төрт экипаж мүшесі болғанын растады. Бастапқыда ұшақтың барлық жолаушысы мен экипаж мүшелері қаза болды деп хабарланды, бірақ кейінірек шенеуніктер тірі қалғандар барын айтты. Олар ауруханаға жатқызылған, алайда қанша адам екені белгісіз.

Апатқа ұшыраған ұшақтың 15 жолаушысы - шетелдік. Жолаушылар арасында 53 непалдық, 5 үнді, 4 орыс, 2 корей, сондай-ақ Ирландия, Аргентина, Аустралия және Франциядан келген азаматтар болған. Ал ҚР СІМ жолаушылар арасында қазақстандықтар болмағанын хабарлады.