16 там, 2021 сағат 21:50

"Неге ондай тірлікке бардың?": Басы дауға қалған Қабатов видео жариялады


Белгілі шоумен Тұрсынбек Қабатов Instagram парақшасында ҰБТ дауына байланысты видео жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әлеуметтік желіде ҰБТ тапсыру кезінде заң бұзған 19 талапкердің арасында шоумен Тұрсынбек Қабатовтың қызы Әдемі Аманғали да бар деген ақпарат тараған болатын. 

Танымал әртіс Instagram парақшасында осы дауға байланысты мәлімдеме жасады. 

Қабатов өзінің, жары мен мектеп бітірген қызының бұл іске қатысы жоқ екенін, барлығын оқушыларды тестке дайындайтын орталық ұйымдастырғанын жеткізді.

«Армысыздар құрметті Отандастар! Кешелі бері қызу талқыланып жатқан келеңсіз оқиғаның шын мәнісінде қалай болғаны туралы түсіндіре кеткенді жөн санадым. Ата-ана ретінде бұл оқиға бізге де өте ауыр тиіп отыр. Қолдау білдіріп жатқан жандарға зор рахмет. Оқиға бойынша айтарым осы видеода», - деп жазды ол. 

Видеодағы Тұрсынбек Қабатов пен өзін «Нұрбек» деп таныстырған жігіттің әңгімесінде әуел баста екі арада репетиторлық туралы келісім болғаны айтылады. Сөз арасында Тұрсынбек Қабатов өзінің ҰБТ-дағы құйтырқы әрекет туралы хабарсыз болғаны бірнеше рет қайталап айтқан. 

«Кешеден бері ана орталықтарыңа бардым. Жексенбі болып, жолдарың болып кетті десем болады сендерге. Кеше жай ғана кешірім сұрап, видео жібере салыпсыңдар, бетін бұлдыратып. Оған кім сенеді», - деген шоумен тұтқаның ар жағындағы жігіттен неге астыртын әрекетке барғанын сұрайды. 

«Нұрбек, сен маған мынаны түсіндірші. Болатын жағдайды неге сен неге маған айтпай, анасына айтпай, ондай тірлікке бардың? Екінші қыз кім? Оны кім тауып жүр, сен бе», - деп сұрайды. 

Тұтқаның ар жағындағы дауыс ҰБТ-ға әртістің қызын өзі дайындағандықтан, жоғары балл алғызып, «ата-анасын тосыннан қуантқысы келгенін» айтқан. 

«Әдемі (Әдемі Аманғали – Тұрсынбек Қабатовтың қызы) жақсы дайындалып жүрді. Ертең ҰБТ кезінде жақсы балл алып, сіздерді тосыннан қуантайын деген ой болған» деп жауап берді ол.

Әрі қарай екеуара әңгімеден Әдемі Тұрсынбекқызы Аманғалидың ҰБТ кезіндегі құйтырқы «тәсіл» туралы тестілеуге кірер кезде ғана білгені туралы айтылады. Сондай-ақ, Тұрсынбек Қабатов қызына о баста ҰБТ-дан жоғары балл жинау туралы талап қоймағанын, шетелде оқытуды жоспарлағанын айтады. 

«Әдеміге ҰБТ-дан жоғары балл алудың қажеті жоқ екенін білесің ғой. Оның шетелге оқуға түсейін деп жыл басынан бері дайындалып жатқанын білесің. Мен біреудің аузынан жырып, грантын жұлып алғым келіп тұрған жоқ. (...) Қазір мектепке тек көлікпен барып келетін 17 жастағы қыз жалған құжат жасап, орнына басқа қызды кіргізіп жіберіп, өзі ҰБТ-ға қатыспаған деп жатыр. Кешеден бері әлеуметтік желіге де шыға алмай жатырмын. Видео жазатын болсам, маған сенбейді. Өтірік айтып тұр дейді», - дейді ол сөз арасында. 

Әңгіме соңында Қабатов ендігі мәселені құзырлы органдар шешетінін, тек түсінбеушілік салдарынан елдің алдында абыройсыз атқа қалғанын айтып қынжылады. 

«Қателеспейтін адам жоқ. Маған ескертіп, ақылдасуың керек еді. Қызым әкесінің көзіне қарап сөйлемейтін қыз. ҰБТ-да заңсыз әрекетке бармақ түгіл, қаланы дұрыс білмейді. Мектеп пен үйдің арасына мәшинемен апарып, әкеліп жүрген бала. Тергеу жүріп жатса, заң бар. Кешірмейді емес, кешірем ғой. Елдің алдында абыройыма нұқсан келді», - деген шоумен істің байыбына бармай, Әдемі Аманғалидың дербес деректері мен суретін желіге салған интернет қолданушыларға ренішін білдіреді.