05 нау, 2018 сағат 13:59

"Не тәуелсіздік, не өмір жоқ" деген қағидамен өмір сүруіміз керек – Назарбаев

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі Парламент палаталарының бірлескен отырысында халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында әлеуметтік бес бастама ұсынды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Табысымызды еселеп, тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін бізге балталаса да бұзылмайтын берік ауызбіршілік керек. Берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай алсақ, берекелі тірлігімізге төнетін қауіп жоқ. Мұны айтып өткенім, аумалы-төкпелі дүниенің ортасында жүріп жатырмыз. Ежелден ата-бабамыз екі империяның арасында өмір сүріп келе жатыр, халық нешетүрлі қияметті көрді. Қазір құбылмалы заман, қай жақтан не болатынын ешкім білмейді. Сондықтан жұдырықтай жұмылған рухы биік халықты ешкім алмайды. Мәселе халықтың көптігінде, аздығында емес, мәселе адамның қуаттылығында, сауаттылығында емес, мәселе – рухани бірлікте. Жан аямай "не тәуелсіздік, не өмір жоқ" деген қағидамен өмір сүруіміз керек. Жастарды солай тәрбиелеген жөн және осы жерде олқылықтар бар. Қазақстандағы жақсы мен жаманның бәріне ел мен жердің иесі ретінде қазақ жауапты», - деді Елбасы.

Президент қазақ халқына осы ұлы жауапкершілікті сезіне отырып, барша ұлыстың ұйытқысы болуға, өзгеге өнеге көрсетуге шақырды.

«Жарияланып отырған істердің бәрі елдің қамы, әсіресе болашақтың, жастардың қамы. Бұл шараларды орындау үшін ауызбіршілік пен жігер қажет. Осыны үнемі есте ұстап тың міндеттерді нақты табыстарға ұластыра берейік. Іске сәт», - деді Нұрсұлтан Назарабев Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында.

Мемлекет басшысы сөз соңында Парламент пен Үкіметке халықпен ақылдаса отырып тиісті жобаларды жасау үшін іске кірісуді тапсырды. Халықтың жағдайын түзеу үшін әлде де мұндай жағдайлар жалғаса беретінін және бұл бастамасы ғана екенін айта кетті. Содан кейін бірлескен отырыс жабық деп жарияланды.