Парламент мәжілісіне қаңтар айының соңында "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" заң жобасы келіп түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" sputniknews.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төрағалық ету құқығын беру ұсынылып отыр. Парламентке келіп түскен "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" заң жобасында осындай норма қарастырылған.
"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қауіпсіздік Кеңесін өмір бойы басқару құқығы бар", — деп жазылған "Қауіпсіздік кеңесінің құрамы мен қызметін ұйымдастыру"деп аталған тараудың 4-бабының 2-тармақшасында.
Айта кетсек, заң жобасы Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің құқықтық мәртебесі мен құзырын анықтайды және кеңес қызметін ұйымдастыру тәртібін реттейді. Заң жобасы мәжіліске 24 қаңтарда келіп түскен, құжат мәжілістің сайтында жарияланған.
Қауіпсіздік Кеңесі 1991 жылы қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, елдегі әлеуметтік-саяси тұрақтылықты ұстап тұру, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі президент құратын консультативтік-кеңесші орган болып құрылды.
Нұрсұлтан Назарбаев - Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы.