15 нау, 2019 сағат 09:51

Назарбаева: Жайық өзені тартылып барады

Сенат депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева Ресейдің қай өңірінде болғысы келетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелері Ресейдің Федеральды жиыны Федерация кеңесі қорғаныс және қауіпсіздік комитеті, халықаралық істер комитетінің төрағаларымен кездесті. Кездесу барысында ресейлік сенатор Константин Косачев Дариға Назарбаеваны Қазақстан мен Ресей парламентарийлерінің кездесуіне шақырған болатын. Косачев Калининградтан бастап Камчаткаға дейін Назарбаеваны қарсы алуға дайын екенін айтқан еді.

"Камчаткаға қатты барғым келеді, табиғаты әдемі деп айтады. Бірақ, менің ойымша, бізге шекараға жақын өңірлерден бастау керек. Онда көптеген интеграциялық жұмыстар ақсап жатыр. Жергілікті әкімдер, губернаторлармен сөйлесіп, ол жақта қандай мәселелер көтеріліп жатқанын түсінуіміз керек", - деді Назарбаева кездесуден кейін журналистерге.

Осы орайда сенат депутаты Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылуына тоқталды.

"Бізде трансшекаралық өзендердің мәселесі, экология проблемасы бар. Жайық өзені тартылып барады. Қазір онда қаншама балық қырылып жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Тонналап өліп жатыр", - деп алаңдаушылық білдірді ол.

Назарбаева жуырда ғана жиырма жылдық келіссөзден кейін Жайықты құтқару бойынша меморандум бекітілгенін атап өтті.

"Бірақ, оған енді ғана қол қойылып отыр. Нақты іске көшкенше, шешім қабылдау мәселелерінің өзі тағы бір он жылға созыла ма деп қорқамын", - деді сенатор.