Қазақстан парламенті сенатының депутаты Дариға Назарбаева бейсенбі күні Астанада өткен әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кездесуде қазақстандықтар елдегі тұрақтылықтың арқасында "үлкен бақытқа" - өмірін жоспарлау мүмкіндігіне ие болып отырғанын айтты.
ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, Дариға Назарбаева бұл сөзін кадет корпусының оқушылары және әскери-патриоттық клубтарға баратын балалар алдында айтқан.
"Біз билігі орныққан, саясаты тұрақты, барлығын болжауға болатын бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз және сіз бен біздің өмірімізді алдағы бірнеше жылға болжауға болады. Үлкен бақыт деген - ол білім аламын, одан ары жұмыс істеймін, мақсатыма жетемін деп өз өміріңді жоспарлауға мүмкіндігің болу" деді Дариға Назарбаева.
Сонымен бірге, Дариға Назарбаева кездесуге келген депутаттар мен министрлер назарын жастардың азаматтық парызы мен жауапкершік сезімін қалыптастыру мәселесіне аударды.
Оның пікірінше, бұл бағытта мектептердегі әскери-патриоттық клубтар маңызды рөл атқарады.
«Бізге жас әскери құрылымдарды мемлекеттік деңгейде дамыту мен қолдау бойынша бірегей республикалық бағдарлама қажет», - деп өз сөзін толықтырды Дариға Назарбаева.
54 жастағы Назарбаева өткен жылы қыркүйекте Мемлекет басшысының бұйрығымен сенатор болып тағайындалған. Ол сенатта халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарады.