09 ақп, 2018 сағат 11:06

Назарбаев жекеменшік банктерге қолдау көрсетуді тоқтататын уақыт жеткенін айтты

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жекеменшік банктерге мемлекеттік қолдау көрсетуді тоқтататын уақыт жеткенін баса айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«БТА банкімен біріктірілгеннен кейін айтарлықтай проблеманы бастан кешірген жүйеқұраушы банк «Қазкоммерцбанкі» сауықтырылды. Сауықтыру нәтижесінде БТА банкінің кредитін «Проблемалы несиелер қоры» сатып алды, ал «Қазкоммерцбанктің» өзінің капиталдандыру міндеттемесі стратегиялық инвесторға сатылды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жалпы сомасы 4,5 трлн теңгені құрайтын халықтың депозиті, мемлекеттік және жеке компаниялардың қаражаттары сақталып қалды», - деді Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев отырыс барысында.

Оның айтуынша, Ұлттық банк еліміздің банк жүйесінің  28 пайызын құрайтын 5 банкке қолдау көрсетіп отыр. Оларға халықтың 2 трлн теңге депозиті және квазимемлекеттік компаниялардың 2,2 трлн теңге депозиттері мен есепшоттары орналастырылған. Акционерлердің банкті капиталдандыруға ынтымақты қатысуының сызбасы ұйымдастырылған. Аталған банктерге мемлекеттік қолдау 653 млрд теңгені құраса, олардың акционерлері  421 млн теңге сомасында капитал салуға міндеттеме алған.

Сонымен қатар, ол Үкімет пен Ұлттық банк ірі банктерді капиталдандыру шаралары бағдарламасын жүзеге асыруды аяқтау туралы шешім қабылдағандығын атап өтті.

«Дұрыс. Біріншіден, банкпен жұмыс істегісі келген ауқатты адамдар оларды мемлекеттің еш қатысуынсыз құратындығын барлығына жария етуі керек. Одан кейін банк сәтсіздікке ұшырайды да, мемлекет оның «шалбарын» ұстап тұруы тиіс болады. Құрған екен өзі соңына дейін жауап берсін. Экономиканы кредиттеу қолдауды талап етті. Ұлттық банк жүйе құраушы банктерге бұл қолдауды көрсетті», - деді Нұрсұлтан Назарбаев өз кезегінде.