Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында ҚР Тұңғыш Президенті, ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа орынбасарларын таныстырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«ҚХА кеңесінің отырысы қарсаңында Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары лауазымына Алматы облысы бойынша Ұйғыр мәдени орталығының төрағасы Зәкіржан Кузиев пен «Kazakh TV» арнасының бас директоры Майя Бекбаева тағайындалды. Барлығымыз екеуін де жақсы білеміз», - деп атап өтті Елбасы.
Сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президенті бұған дейін орынбасары болған ҚХА мүшесі, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының мүшесі, кәсіби медиатор Юсуп Келигов пен ҚХА мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатовқа жемісті жұмыстары үшін ризашылығын білдірді.
Майя Бекбаева – 41 жаста, қазір Kazakh TV телеарнасының бас директоры қызметін атқарады. Бұған дейін "Хабар" телеарнасында "Тайны. Судьбы. Имена" деректі фильмдер циклінің авторы және жүргізушісі болды.
Закиржан Кузиев – 51 жаста, "Жаркент крахмал-сірне зауыты" ЖШС құрылтайшысы.