13 шіл, 2017 сағат 13:53

Назарбаев: ҰҚК көрінбейтін майданда еліміз үшін абыройлы жұмыс атқаруда

Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметшілері көзге көрінбес майданда еліміз үшін абыройлы жұмыс атқаруда. Бүгін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдық мерейтойына арналған мерекелік концертте сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Осыдан тура ширек ғасыр бұрын менің Жарлығыммен Қазақстанның Тәуелсіз қауіпсіздік органдары құрылды. Баршаңызды осы айтулы оқиғамен, кәсіби мерекелеріңізбен шын жүрегіммен құттықтау үшін келдім. Біздің елімізде мұндай органдар тұңғыш рет дербес құрылды деп айтуға болады. Әрине, бұрын да болған. Бірақ та біз анау орталықтың бір бөлшегі ғана едік. Жұмысымыздың барлығы солармен келісіп істелетін. Қазір Тәуелсіз елдің тәуелсіз қауіпсіздік органдары бар. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін берік жүйе қалыптасты. Соның ішінде ұлттық қауіпсіздік органдарының маңызы өте зор деп айтуға болады. Сіздер Отанымыздың тұтастығын қамтамасыз етуге, тәуелсіздікті нығайтуға және халқымыздың тыныштығын сақтауға 25 жылдың ішінде елеулі үлестеріңізді қосып келе жатырсыздар. Сол үшін де ризашылығымды білдіремін», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті арнаулы қызметтегі адамдардың барлығы, соның ішінде әсіресе ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметшілері көзге көрінбес майданда күні-түні демей еліміз үшін абыройлы, жауапты жұмыс атқарып келе жатқаны баса айтты.

«Осы жылдар ішінде ұлттық қауіпсіздік органдары көптеген қауіптің алдын алып, талай лаңкестік әрекеттердің жолын кесті. Мен оның барлығын білемін. Ұлттық қауіпсіздік органдарына біліктілігі мен даярлығы жоғары адамдар ғана қабылданады. Дайындығы бар, білімі бар, сезімі бар, отансүйгіш жүрегі бар адамдар ғана қабылданады. Оларға алаңсыз әрі адал қызмет үшін мемлекет тарабынан барлық жағдай жасалуда», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы қауіпсіздік құрылымдары алдында тұрған міндеттер аса маңызды болғандықтан бұл органның әрбір қызметшісіне жауапкершілік, талап өте жоғары екендігін атап өтті.