21 қар, 2022 сағат 09:40

Назарбаев Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтады


Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Elbasy.kz сайтына сілтеме жасап.

"Сізді Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы айқын жеңісіңізбен риясыз көңілмен құттықтаймын! Бұл – Мемлекет басшысы ретіндегі беделіңіздің айшықты айғағы, сондай-ақ ауқымды реформаларыңыз бен тың бастамаларыңызға және тәуелсіздік тағдыры таразыға тартылған сын сағатта көрсете білген табанды да шешімтал мінезіңізге, ақыл-парасатыңызға деген халықтың қалтқысыз сенімінің даусыз дәлелі.

Алдағы уақытта да баршаның алғыс-ризашылығы мен құрметіне бөлене беруіңізге тілектеспін", – делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауында.

Айта кетейік, еxit poll нәтижесі бойынша Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауда қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 82 пайызға жуық дауыс жинап, жеңіске жетті.