12 там, 2022 сағат 18:11

Назарбаев ТМД-ның бірқатар елінің дінбасыларымен кездесті


Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ның бірқатар елінің дінбасыларымен – ислам діні өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Елбасының ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Нұриддин Халикназаровпен, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Замир Ракиевпен, Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Дамир Мухетдиновпен өткен кездесу барысында оларға астанадағы жаңа мешіттің ашылуы рәсіміне қатысуға уақыт бөліп, арнайы келгендері үшін ризашылық білдіріп, алғысын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев діннің Қазақстан халқы өмірінде айрықша орын алатынын атап өтіп, елімізде конфессиялар арасындағы диалог мәселесіне ұдайы баса көңіл аударылып келе жатқанын жеткізді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті жаңа мешіттің исламдағы татулық пен толеранттылық идеясының мызғымас мәнін айшықтап тұрғанын, оның есігі барлық дін мен ұлттың өкілдері үшін әрдайым ашық болатынына тоқталып өтті. 

Өз кезегінде қонақтар да Қазақстанның астанасына деген сүйсіністерін жасырмай, жаңа мешіт рухани орталық қана емес, қаланың аса көрнекті орнының тағы біріне айналатыны жөнінде пікір білдірді.