Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Әңгімелесу барысында Тәжікстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық деңгейде мойындалған саясаткер ретінде тәуелсіз Қазақстанның дамуына, сондай-ақ өңірдегі және әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.
Эмомали Рахмон Тәжікстан халқы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Қазақстан-Тәжікстан стратегиялық серіктестігін ілгерілетудегі тарихи рөлін жоғары бағалайтынын айтты.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевқа зор денсаулық және алдағы қызметіне табыс тіледі.
Тараптар алдағы уақытта тұрақты байланыстарын жалғастыра беруге уағдаласты.