09 ақп, 2018 сағат 15:27

Назарбаев Шүкеевке: "Уақыт өтіп жатыр, байқа!.."

Президент ауыл шаруашылығы саласындағы проблемаларды шешуді тапсырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде инвестиция мен агроөнеркәсіпке қатысты қиындықтарды шешуді тапсырды.

«60-61-қадамдар – ауыл шаруашылық өнімдерін жасап шығару үшін стратегиялық инвесторлар тарту. Арада қанша уақыт өтсе де, бірақ әлі күнге дейін стратегиялық инвестордың қатысуымен бірде-бір жоба іске аспады. (...) Уақыт өтіп жатыр, байқа!..», - деді Елбасы ауыл шаруашылығының министрі Өмірзақ Шүкеевке.

Мұнымен қатар, Назарбаев инвесторларға қатысты тағы бір проблема туралы айтып өтті.

«Gruppo Cremonini» тобы «Иналко» компаниясының ірі инвесторы Асқар Мырзахметовтың (бұрынғы ауыл шаруашылық министрі - авт.) соңынан үш жыл «жүгірді». Бірақ, бәрібір қуып жете алмады. Бұл компания менің де алдыма келді. Олар төрт түлік малдың терісінен бастап тұяғына дейін өңдейді екен. Ал біз қалай жұмыс істеп, қалай өңдейміз?» - деді ол.

Шүкеев өз кезегінде бұл мәселенің реттеліп жатқанын айтты.

«Аягөзде австралиялық компанияның ет комбинаты бар. Өскеменде де тауық етін өңдейтін зауыттың инвесторлары бар. Біз ет алу үшін мал өсіру бағдарламасын жандандырғымыз келеді», - дейді министр.

Назерке Абибулла