ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелдегі қаржыны қайтаруға қатысты арнайы заңнаманы әзірлеуді тапсырды. Аталған міндет Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жүктелді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Осы уақытқа дейін біз ақшаны заңдастыруды үш рет өткіздік. Ешкімге тиіспейміз дедік. Солай болды. Бір адамды жауапқа тарттық па? Біреудің астын қазбаладық па? Жоқ, ешкімге тиіскен жоқпыз. Қазіргі жағдайда сіздер шекараның арғы жағында ұстап отырған ақшаларыңыздан айырыласыздар! Өздерініз сезіп жатқан боларсыз. Санкциялық соғыс қызып тұр. Ондайда сіздерге ешкім көмектесе алмайды. Ақшаны Қазақстанға қайтарыңдар да, осында ұстаңдар! Қандай кепілдік керек? Мен тиісті заңдарды да, жарлықтарды да шығарып беремін. Олай істемеймін десеңдер, біз өзіміз істейміз. Артынан реніш болмасын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Индустрияландыру күніне арналған жалпыұлттық телекөпір кезінде.
«Біз жүргізіп отырған саясаттың және нарықтық жағдайды қалыптастастырудың арқасында елімізде ауқатты да бай азаматтар пайда болды. Мен де Қазақстанда дәулетті азаматтардың болғанын қаладым. Алайда қазіргі таңда олар Қазақстандағы капиталын сыртқа шығарып, оны сонда сақтауда. Олар тиімсіз немесе күмән туғызатын экспорттық-импорттық келісімдер арқылы капиталды сыртқа шығарып отыр. Бұл адамды алдау ғой. Қаржы саласындағы заңнамалар келісімшарттар арқылы күрделі іс-әрекеттер жасауға мүмкіндік береді. Осылайша, олар жауапкершіліктен ұзақ жылдарға босатылады. Бүгінде 27 мың сыртқы экономикалық келісім-шарт бойынша 7,7 млрд доллар қарыз бар. Оған 2 жылдан астам уақыт болды. Заң бұған шектеу қоя алмайды», — деп, өз ойын нақтылады.
Президенттің айтуынша, бүгінде 18 отандық компания 12,5 млрд долларды шетелде ұстап отыр. Атап айтқанда, «Теңіз Шевройл» компаниясы - 4,5 млрд доллар, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы - 3 млрд доллар, «ҚазМұнайГаз барлау мен өндіру» компаниясы - 2 млрд доллар, «Азия газ құбыры» ЖШС - 1 млрд-тан астам, «Бейнеу-Шымкент» газ құбыры» ЖШС - 100 млн доллар, бұдан бөлек, «Шығыс Цемент», «Жайық Мұнай», Каспий құбыры консорциумы және тағы басқа компаниялар шетелде қыруар қаражатты ұстап келеді.
«Неге олай істейсіздер? Қазақстанның ресурстарын сатып, ақша табасыздар? Ал табысты шетелде ұстайсыздар. Неге ол ақша осында айналып, ел экономикасына жұмыс істемейді? Жарты жылдың ішінде мемлекетке қарасты компаниялар шетелдегі қаржысын 2 млрд доллардан 6 млрд-қа дейін ұлғайтты. Сіздер нені күтіп отырсыздар?! Мен осыны түсінбеймін», - деп атап көрсетті Президент.
Осы орайда Елбасы әрбір компания басшысымен жеке-жеке сөйлесуді тапсырды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа аталған олқылықтарды жою үшін тиісті заң дайындауға тапсырма берді.
«Бақытжан Әбдірұлы, ертеңнен бастап оларды (түрмеге – автор) отырғызатын, (ақшаны – автор) қайтаратын заңды дайындай беріңіздер. Ақшаны қайтармаса, мен олармен басқаша сөйлесемін. Осыны бүкіл Қазақстанның алдында ескертіп қояйын. Біз ол ақшаны қайтарудың жолын табамыз. Бірақ ол кезде сіздер болмайсыздар. Сіздерге жаман бір нәрсе істейміз деп отырған жоқпын. Мемлекет сіздерге ақша жасауға жағдай жасады. Сіздер болса, ол ақшаны мемлекеттен тығып отырсыздар. Олай болмайды. Жетеді осымен», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.