Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Мәскеу облысында Ан-148 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан адамдардың қайғылы қазаға ұшырағаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
«Қаза болғандардың отбасыларына, туыстары мен жақындарына Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын», – делінген жеделхатта.
Естеріңізге сала кетейік, Мәскеу түбінде "Саратов әуе желісінің" Ан-148 жолаушылар ұшағы құлады. Құлаған ұшақ Раменск ауданының аумағынан табылды.
Мəскеуден Орск қаласына ұшып шыққан ұшақ әуеге көтерілген соң екі минуттан кейін радардан жоғалып кеткен. Ұшақта 65 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған. Олардың барлығы ажал құшты.