29 қар, 2017 сағат 19:09

Назарбаев пен Лукашенко 2026 жылға дейінгі ынтымақтастық бағдарламасын бекітті

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенко ҚР мен БР арасындағы әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы шарт пен 2026 жылға дейінгі ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетерлігі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Минискіге ресми сапары аясында беларусь әріптесімен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізген болатын. Соның нәтижесінде аталған құжаттардан бөлек екі елдің арасында бірқатар келісімдер жасалды. Атап айтқанда, ҚР мен БР Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2018-2019 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов пен БР Сыртқы істер министрі  В.Макей, ҚР Үкіметі мен БР Үкіметтері арасындағы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев пен БР Ақпарат министрі А.Карлюкевич, ҚР Үкіметі мен БР Үкіметі арасындағы өнеркәсіптің қорғаныс саласындағы ұйымдарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациялары туралы келісімге ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Атамқұлов пен БР Мемлекеттік әскери-өнеркәсіптік комитеті төрағасы О.Двигалев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен БР Спорт және туризм министрлігі арасындағы 2018-2019 жылдарға арналған дене тәрбиесі және спорт саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы мен БР Спорт және туризм министрі А.Шамко, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен БР Мәдениет министрлігі арасындағы мәдени ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы мен БР Мәдениет министрі Ю.Бондарь, ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен БР Ұлттық ғылым академиясы арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімшартқа ҚР ҰҒА президенті М.Жұрынов пен БР ҰҒА төралқасының төрағасы В.Гусаков қол қойды.