«Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының отырысына қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Елбасының ресми сайтына сілтеме жасап.
Жиынды ашқан Елбасы фракция депутаттарын кезекті Парламент сайлауында «Nur Otan» партиясының жеңіске жетуімен тағы да құттықтады.
– Біз жұртшылықтың сенімін ақтауымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет әрі үлкен жауапкершілік. Сондықтан біздің партиямыздың сайлауалды бағдарламасында айқындалған міндеттерге қол жеткізу үшін фракция депутаттары барын салуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті еліміздің орнықты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету бойынша партия жұмысының нәтижелеріне тоқталды.
– Дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін біздің нақты жоспарымыз бар, ресурс та жеткілікті. Осы жолда Парламенттегі ең үлкен фракция ретінде басты жауапкершілік сіздерге жүктелетін болады. Алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін аянбай еңбек етесіздер деген сенімдемін. Баршаңызға белгілі, депутаттар құрамы біршама өзгерді. Жаңа адамдар жаңа идея әкеледі және Парламенттің қызметіне тың серпін береді деп санаймын, – деді Партия Төрағасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Мәжілістің жетінші шақырылымының жұмысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор екенін атап өтті.
– Өткен сайлауда жұртшылық біздің партиямызға үлкен сенім білдірді. Халықаралық байқаушылар қазақстандықтардың жоғары белсенділігі мен ұйымшылдығын атап өтті. Сайлау ашық әрі демократиялық талаптарға сай өтті. Осы жолы да «Nur Otan»-ның нақты істер партиясы екенін дәлелдей аласыздар деп кәміл сенемін, – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Мәжілістің өткен шақырылымының жұмыс нәтижелеріне тоқталып, Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері қоян-қолтық жұмыс істегенін айтты.
– Фракцияның тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін бірнеше міндетті шешкен жөн. Біріншіден, депутаттар Үкіметпен бірлесе отырып, жұртшылық тарапынан қолдау тапқан партияның сайлауалды бағдарламасының нәтижелі жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі керек. Екіншіден, депутаттар бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына бақылауды күшейтуге тиіс. Үшіншіден, барлық әлеуметтік топтармен кері байланысты нығайтқан абзал. Депутаттар тұрақты түрде тұрғындармен кездесіп, азаматтарды қоғамдық қабылдауларда қабылдап отыруы қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Отырыс барысында «Nur Otan» партиясының Төрағасы жетінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының жетекшісі қызметіне Нұрлан Нығматулинді ұсынды. Депутаттар Елбасы ұсынысын бір ауыздан қолдады.
Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті Конституцияға және «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңға сәйкес фракция депутаттары Мәжіліс Төрағасы, оның орынбасарлары мен Парламенттің төменгі палатасының тұрақты комитеттерінің төрағалары лауазымына кандидаттарды ұсыну және бекіту процедурасына қатысуы керек екенін атап өтті. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісінің басшылық лауазымдарына кандидатураларды талқылауды ұсынды.
Отырыс барысында Мәжілістегі басшылық лауазымдарға кандидаттарды ұсыну бойынша фракцияның ортақ ұстанымы әзірленді. Оған сәйкес Мәжіліс Төрағасы қызметіне Н.Нығматулин, Мәжіліс Төрағасының орынбасарлары қызметіне П.Казанцев пен Б.Кесебаева, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы қызметіне Ж.Нұрманбетова, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы қызметіне Қ.Мусин, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызметіне М.Құсайынов, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне А.Құспан, Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің төрағасы қызметіне А.Рау ұсынылды.
Сонымен қатар Елбасы болашақ Премьер-Министрдің кандидатурасы туралы айтты.
– Менің ойымша, сабақтастықты сақтаған жөн. Қиындықтарға қарамастан, Үкімет өз жұмысын жақсы атқарды. Өзге елдермен салыстырғанда біз жақсы нәтиже көрсеттік. Егер Президент Мамин Асқар Ұзақбайұлын ұсынса, онда мен сіздерден оның кандидатурасын қолдауларыңызды сұраймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті жиынға қатысушыларды тағы да өткен сайлаудағы айқын жеңіспен құттықтап, фракция депутаттарына табысты жұмыс тіледі.
– «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясы әрдайым Парламенттегі жетекші саяси күш болып келеді. Алдағы уақытта да солай боларына сенімім мол, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.