Елорданы одан әрі дамыту мәселелеріне қатысты өтіп жатқан мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаладағы спорттық және концерттік алаңдарын тиімді пайдалану мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжіліс барысында Мемлекет басшысы елорданың барлық спорттық, концерт алаңдарын толықтай пайдалану қажеттігін ескертті. Осы орайда орнынан тұрған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы елордада туризмді дамытуға бағытталған жүйелі шаралардың іске асырылып жатқанын баяндады.
«Астана қаласының әкімдігі Үкіметпен бірігіп, «Астана туризмін дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасын» қабылдадық. Ай сайын туризмге қатысты жиналыстар өтеді. Қазір Астана мен Алматы қалалары арқылы визасыз 72 сағат болу режімін Қытай мен Үндістанға енгіздік. Мәдени нысандар бойынша жағдай сәл басқаша, «Астана Опера» жүктемесі 100 пайызға, «Астана балет» жүктемесі 100 пайызға жетіп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы, Жаңа жылдың алдында «Щелкунчикті» біз күніне екі рет қойдық», - деді министр.
Оның дерегінше, Астанаға мәдени нысандар тіпті, жетіспей жатыр. Мәселен, Ұлттық музейге 2016 жылы 166 мың адам барса, 2017 жылы 1,5 млн адамға жеткен.
Бас қаладағы мәдени ахуалды тоқтаусыз баяндай жөнелген Мұхамедиұлына Елбасы: «Сұрақ қоям деп пәлеге қаласың ғой енді», - деп әзілдеді.