Бүгін Алматы облысының Шамалған ауылында халықпен кездескен Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін көмек туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Көпбалалы аналарға, тұрмысы нашар адамдарға көмек жасалып жатыр. Ең төменгі жалақы жыл басынан 1,5 есе көбейтіледі. 1 сәуірден бастап көпбалалы аналарға, әр балаға, табысы төмендерге көмек беріліп жатыр. Бірақ, мемлекетке «бере бер» деп отырмай, жұмыс істеу керек. Қай қазақ баланы туғызып, көршісіне асыра деп берген? Еркек адамның «баланы туғыздым, өзім асыраймын, жеткіземін» деген намысы болуы керек. Дүниежүзінде солай. Бала-шағасын асырау адамның өз басындағы міндеті. Бізді аналарымыз солай асырады. Біз де солай өскен адамбыз. Қазақстанға келіп, еңбегі сіңбей жатып, бізді асыраңдар, пенсия беріңдер дегенді естіп жүрмін. Оның бәрі дұрыс емес. Бірақ мемлекеттің жағдайы жақсы. Өзінің болашаққа резерві бар: индустриялық, ауыл шаруашылығы салалары, барлық жағынан. Қазақстан бойынша жолдар салынуда. Әр ауылға газ келіп жатыр. Басқа да керек жағдай бар. Тек жұмыс істеп, жастарға оқып, білім алу керек. Сонда ғана жанұясын бағатын болады, өзіне жақсылық істейтін болады», - деді Н.Назарбаев.
Кездесу барысында Елбасы «Елу жылда - ел жаңа, жүз жылда - қазан» деген мақалды келтіріп, жас ұрпақ туралы сөз қозғады.
«Құрдастарым аз қалды. Бірен-саран таныстар бар. Жас ұрпақ өсті. Жаңадан ел болып келе жатыр. Шамалғанда 20 мың адам тұрады. Шамал деген атын қайта әкелдім. Туған жеріміз паспортта Шамалған деп жазылған, оны өзгертіп қайтеміз. Әрқайсыңызға денсаулық, бақыт, сәулетті өмір тілеймін», - деді Тұңғыш Президент.