Елбасының кеңесшісі - баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың "Тәуелсіздік сабақтары" мақаласына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Нұрсұлтан Әбішұлы халыққа Қазақстан тәуелсіздікке қалай қол жеткізгенін, қандай қиындықтардан өткенімізді айтып берді. Мақаладан әркім маңызды дүние алатынына сенімдімін. Әрбір қазақстандық тәуелсіздік біз үшін мәңгілік және ажырамас құндылық екенін түсінуі керек. Елбасы барша азаматты "Мәңгілік Ел" идеясын жүзеге асыра отырып, оны сақтау және нығайту игілігі үшін еңбек етуге шақырды", - деді Айдос Үкібай.
Айдос Үкібайдың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрды және оның мақалада көрсеткені - мемлекеттің қалыптасуының жастар білуі тиіс маңызды кезеңдері.
"Елбасы қазіргі жастар Отанымыздың даму жолында толағай табыстарға жететініне нық сенеді. Сондықтан мақаланы, ең алдымен, тәуелсіздіктің сақталуына жауапкершілік жүктейтін жастардың оқуы маңызды және оларға Қазақстанды одан әрі дамыту жүктеледі.
Елбасы мақаланы бірнеше ай бойы дайындады. Нәтижесінде, бүгін республикалық "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде, сондай-ақ жетекші Интернет-БАҚ беттерінде жарияланды. Оны қайта басып шығаруға ешқандай шектеу жоқ. Егер басылымдар оны жариялағысы келсе, мақаланың түпнұсқасы Elbasy.kz сайтында жарияланған", - деп қосты Айдос Үкібай.