09 ақп, 2018 сағат 12:54

Назарбаев: Қуандық Бишімбаевты қатты аяймын

Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Жемқорлықпен күресті жалғастыру керек. Екі жылда 2200 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде министрлер, бүкіл деңгейдегі әкімдер, ведомство басшылары бар", — деді Назарбаев. 

Ол қазір сотта экс-министр Қуандық Бишімбаев пен "Қазавтожол" бас директорына қатысты қылмыс іс қаралып жатқанын атап өтті. 

"Шындығын айтқанда, экс-министр Қуандық Бишімбаевты мен өте аяймын. "Болашақ" арқылы оқыттық, оған үлкен сенім арттық. Енді осылай болып отыр. Адамдарды дайындауға қаншама уақыт, ақша жұмсадық. Әрине, өкінішті", — деді Назарбаев.

Еске сала кетсек, Қуандық Бишімбаевтің ісіне қатысты сот Астанада өткен жылы жетінші қарашада басталды. Оның "Бәйтерек Development" ісі бойынша тергеліп жатқаны 2016 жылдың соңына белгілі болған еді. Министр болып тағайындалғанға дейін ол "Бәйтерек" ұлттық холдингін басқарған болатын. Енді Бишімбаев осы ұлттық компанияның тізгінін ұстаған уақытта мемлекет қаржысын жымқырды және ірі көлемде пара алды деп айыпталып отыр. Экс-министр тағылған кінәні мойындаған жоқ. Сотта жауап берген кезде Бишімбаев Елбасыдан сенімін ақтамағаны үшін кешірім сұрады.

Бұрынғы министрден бөлек сот алдында тағы 22 адам жауап беріп жатыр.Олардың қатарында "Байтерек DEVELOPMENT" АҚ бұрынғы басқарма төрағасы, оның орынбасары, басқарушы директорлары, сондай-ақ бірнеше ірі кәсіпорынның бұрынғы басшылары бар.