ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында елдегі коронавируспен байланысты жағдай туралы есеп берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еlbasy.kz сайтына сілтеме жасап.
Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус төңірегіндегі жағдай Қытай экономикасына да, Қазақстан экономикасына теріс әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
«Біз қол қусырып отырмауымыз керек. Барлық жағдайға дайын болып, дәрі-дәрмек пен басқа да қажетті ресурстар қорын қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселе бақылауда болуы керек. Мұндай жағдайларда жасалатын шараларды қарастыру керек. Оның ішінде сыртқы фактордың ұлттық экономикамызға теріс әсерін болдырмауымыз керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, елордада ҚР Тұңғыш Президентінің төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдай, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы тұру мәселелері қаралды.