Нұрсұлтан Назарбаев Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғабит Байжановты қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет Басшысы Қауіпсіздік кеңесінің ұлттық қауіпсіздікті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіруді жүзеге асыратын арнайы орган екенін атап өтті.
– Қауіпсіздік кеңесі туралы жаңа заң Кеңестің өкілеттігін мейлінше кеңейтеді. Осыған байланысты нормативтік құқықтық базаны, соның ішінде құқық қорғау және арнайы қызмет органдарының жұмысын реттейтін құжаттарды егжей-тегжейлі зерттеу қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Ғ.Байжанов Нұрсұлтан Назарбаевқа Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысын өткізуге дайындық барысы жөнінде мәлімдеді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің алдағы жұмыстары жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.