Қазақстан Президенті елімізге сапармен келіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде Испания павильонының ашылуына қатысқаны үшін А.Пасторға алғыс айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Көрмеміздің ашылу салтанатына 17 шет мемлекеттер және үкіметтер басшыларымен бірге, Испания Королі VI Фелипе де қатысқан болатын. Біз осы іс-шара аясында жүздестік. Аса мәртебелі Испания Королі Қазақстанға қызығушылық танытып, бірқатар іскерлік кездесу өткізді, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміз арасында екіжақты достық қарым-қатынас орнағанын, экономика мен саясаттағы байланыстарымыз жемісті дамып келе жатқанын айтып, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұстанымдарымыз ұқсас екеніне тоқталды.
– Қазақстанға сапары кезінде Аса мәртебелі Испания Королімен бірге Испанияның іскер топтар өкілдері мен үкімет мүшелері келді. Олар Қазақстандағы әріптестерімен жемісті келіссөздер өткізді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Испания Королі VІ Фелипе мен үкіметіне жоғары марапаты үшін жылы лебізін білдіріп, Король І Хуан Карлос пен оның жұбайы София Патшайымға амандық және табыс тіледі.
Испания Корольдігі Депутаттар конгресінің төрайымы мемлекеттеріміз арасында достық қарым-қатынас орнағанын айтып, Испания делегациясына дәстүрлі түрде қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдірді.
– Мен Сіздің еліңізді дамыту мен өркендету жолындағы қызметіңіз, күш-жігеріңіз туралы алғаш рет Испания Королі І Хуан Карлостан естідім. Дәл сол кезде Испания Королі І Хуан Карлос Қазақстандағы әріптестерімізбен іскерлік байланыстар орнату қажеттігін айтқан болатын. Бүгінде Қазақстан Сіздің арқаңызда зор табысқа қол жеткізіп отыр, – деді А.Пастор.
Бұдан бөлек, Испания Корольдігі Депутаттар конгресінің төрайымы Қазақстан Президентіне Испания Корольдігі отбасының шынайы лебізін жеткізді.