12 там, 2018 сағат 16:35

Назарбаев Иран басшысымен кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханимен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қазақстанға келген Иран Президентіне ілтипат білдіріп, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың әрдайым тұрақты сипатқа және достық пен бауырластыққа негізделгенін атап өтті.

– Сіздің саясатыңыз бен жоғары деңгейдегі екі жақты тиімді кездесулеріміздің арқасында елдеріміз арасындағы сауда-саттық пен жүк тасымалы көлемі артып келеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу ісі жанданды, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Иран Каспий теңізі аймағындағы жақын көрші екенін, сондай-ақ 2016 жылғы өзара сапарлар екі жақты байланыстарға тың серпін бергенін айтты.

– Біздің сенім мен өзара түсіністікке негізделген бүгінгі тарихи кездесуіміз Каспийге қатысты барлық мәселені шешіп, Каспий маңы елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтады, – деді Қазақстан Президенті.

Хасан Рухани Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға келуге мүмкіндік туғызғаны және Иран делегациясына қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдірді.

– Сізбен кездескенімізге қуаныштымыз. Бүгінгі саммитте оң нәтижелерге қол жеткізіледі деп үміттенемін. Елдеріміз географиялық жағынан ғана емес, сондай-ақ басқа да аспектілер бойынша жақын. Сондықтан біздің мүдделеріміз де ортақ, – деді Хасан Рухани.

Х.Рухани халықаралық жиындарда Қазақстанның үнемі Иранды қолдайтынын және ядролық қару тақырыбы жөніндегі халықаралық уағдаластықты тұрақты түрде сақтайтынын атап өтті.

– Сіздің еліңіз жаһандық аренада, соның ішінде Астана процесі аясында, өте маңызды бітімгершілік миссиясын атқарады. Біздің қарым-қатынастарымыздың стратегиялық сипаты бар және барлық бағыт бойынша дамып келеді. Бүгін Ақтауда Каспий тақырыбы жөнінде маңызды саммит өтеді. Бұл Қазақстанның жоғары беделін тағы да нақтылай түседі, – деді Иран Президенті.