Қазіргі қиын жағдайда әр азамат қолынан келген үлесін қосуға тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған үндеуінде осылай деді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Дана халқымызда «Кемедегінің жаны бір» деген ұлағатты сөз барын білесіздер. Осынау сын сағатта ортақ істен ешкім де сырт қалмауға тиіс. Біріншіден, Үкімет бюджет саласы қызметкерлерінің, студенттердің, шағын және орта бизнестің ауыртпалығын жеңілдету бағытындағы нақты қадамдарын жария етті. Бірақ тек қана мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз болады. Зауалды еңсеру үшін басқа да қосымша ресурстарды жұмылдырған жөн. Әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс. Мен бұл қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын Республикалық қор құруды ұсынамын. Осындай жағдайда бұрынғыша отандық ірі кәсіпорындар да қолдауын көрсетеді деп сенемін», - дейді Тұңғыш Президент.
Оның айтуынша, ондай қорды әрбір облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда құру қажет. Ол жұмысты тиісінше сол жерлердің әкімдері жүзеге асырғаны дұрыс.
«Бүкіл халық, қалың ел, жалпақ жұрт болып жұмылудың жарқын үлгісі мен тиімділігін біз Арыс қаласын апаттан кейін жедел қалпына келтірген кезде көрсеткен едік. Екіншіден, мен қазірдің өзінде ұлттық бизнес өкілдерінің ел-жұртқа көрсетіп жатқан көмегі үшін ризашылығымды білдіремін. Мұндай мәрттік жалғасын тауып, оған қосылатын бизнес өкілдерінің саны көбейе түседі деген үміттемін», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.