Коммерциялық мақсатқа берілетін жер учаскелері туралы ақпараттар ашық болуы тиіс. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Отырыс барысында Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов өңірде кәсіпкерге барлық инженерлік желіге бір жерден қосылуға рұқсат алуға мүмкіндік беретін геоақпараттық онлайн-қызмет іске қосылғанын айтты.
"Бұрын кәсіпкерлер техникалық шарттар алу үшін қаланың 4 жерінде орналасқан 4 мекемеге баратын. Содан кейін оған 4 ай уақыт кететін. Қазіргі таңда мұның барлығын онлайн-қызмет арқылы бір жерден үш күннің ішінде алады. Демек, біз кәсіпкердің қаражатын, уақытын үнемдеп отырмыз. Соның арқасында кәсіпкер 4 айда алатын рұқсатты үш күнде алып жатыр", - деді Жақсылықов.
Осы ретте Мемлекет басшысы мұндай қызметтің еліміздің басқа өңірлерінде бар-жоғын сұрады.
"Соны басқа өңірлердің барлығында неге енгізбеді? Әлде бар ма? Мінекей, Қызылорда облысында енгізді. Айтып отыр, нақты нәтижесі бар. Барлық облыста қосу керек. Іскер адамдардың сұрайтын ең негізгі мәселесі осы. Жер дегенде барлығы жабысып қалады. Шешпейді. Анау да, мынау да бергісі келмейді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Келесі кезекте Ғалымжан Жақсылықов коммерциялық мақсатқа берілетін бос жер учаскелері туралы ақпарат, сату немесе жалға беру аукциондары, оған қатысу шарттары барлық кәсіпкерлер үшін қолжетімді әрі ашық болатынын айтты.
"Ашық болуы керек. Қай жерде жер бар? Қалай сатылып жатыр, кімге сатылып жатыр? Неге оған сатылды, басқаға неге берілген жоқ? Бәсекелестік жағдай болды ма, болмады ма? Сонда жемқорлық та болмайды. Бизнесмен мен шенеунік арасында қатынас болмайды. Қашаннан бері айтып келеміз. Мұны жалпы шешуге болады ғой. Осы мәселе Қызылордада шешілген бе?", - деп сұрады одан Елбасы.
Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры өз кезегінде жылдың соңына дейін бұл бағыттағы барлық жұмыстар онлайн форматқа көшірілетіндігін айтып сендірді.
Осы ретте Мемлекет басшысы: «Атамекен» ҰКП-ның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен бұл мәселе барлық жерде шешіліп жатыр ма?», деп сұрады.
Мырзахметовтің атқарылып жатқан жұмыстар жайындағы есебін тыңдай келе Елбасы: "Сен бәрін мақтай берме. Білеміз ғой. Мәселе тек қана іс адамдарының жер алып, жұмыс істеуінде емес, әрқайсысының шенеуніктің артынан жүруінде. Ал ол келгенін жақсы көріп отырады. Ол бекер келмейді. Барлық пәле сол жерде. Біреу бірдеңеге рұқсат беретін болса, сол рұқсат үшін бірдеңе жасап бер деп отырады. Жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі мәселесі шенеунік пен іс адамдарының арасындағы тікелей қарым-қатынасты ажырату керек. Барлық әкімге айтарым осы. Қанша айтып та келеміз. Осыны жөндеу керек", - деп тапсырды Нұрсұлтан Назарбаев.