Бүгін Құрық портындағы мультимодальдық көлік хабын таныстыру шарасында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 12 тамызда өтетін Каспий маңы мемлекеттерінің Ақтау саммитіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ертең Ақтауда Каспий маңы мемлекеттері басшыларының бесінші саммиті ашылады. Соңғы 20 жылда Каспий теңізінде ортақ жұмыстарымыздың барлық мәселелерін шешу үшін ұстанымдарымызды келісуге талпындық, күрделі келіссөздер жүргіздік. Бұл тұрғыда кеме қатынасы, ресурстар, биологиялық ресурстарды қорғау және мемлекеттердің сауда ынтымақтастығы секілді тақырыптар назарда болды. Бүгінде барлық мәселелер бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді деп айта аламын. Ертең тарихи шешімнің қабылдануын күтіп отырмыз. Бұл өте маңызды», - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Ақтауда өтетін Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылады.
Құжат теңіз акваториясын, Каспий теңізі түбін бөлуге, биоресурстарды қорғауға, балық аулауға, сонымен қатар Каспий түбімен құбыр тартуға қатысты ережелерді қамтиды.