13 мам, 2019 сағат 13:52

Назарбаев АҚШ елшісін қабылдады

Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозерді қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Елбасы Уильям Мозерді Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, жауапты қызметінің табысты болуына ниеттестік білдірді. 

– Осы жылдар ішінде біз АҚШ-пен өзара түсіністікке және достыққа негізделген қатынастар орнаттық. Қазақстанға АҚШ-тан қомақты инвестиция келді. 420 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп келеді. Менің Вашингтонға жасаған былтырғы сапарым, соның аясында Президент Дональд Трамппен және бизнесмендермен болған кездесуім ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға жағдай жасады, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Уильям Мозер Қазақстанға алғаш рет келгендегі әсері туралы айтты. АҚШ елшісі елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласын салу және таныту ісіндегі айтарлықтай нәтижеге қысқа уақыт ішінде қол жеткізілгенін атап өтті.  

Сонымен қатар, АҚШ елшісі У.Мозер Нұрсұлтан Назарбаевқа Дональд Трамптың хатын берді. Онда АҚШ Президенті Елбасының өз өкілеттігін тоқтату және мемлекет басқару ісін саясаткерлердің жаңа буынына беру туралы шешіміне қолдау білдіреді.

– Мен Президент Трамптың хатын алдым. Ол біздің өңірдегі ахуал туралы алдағы уақытта да менімен кездесіп, ақылдасып отыруға ниетті екенін жеткізді. Дональд Трамппен жақсы қарым-қатынас орнады. Мен осындай байланыста болуға дайынмын. Біз үшін АҚШ маңызды серіктес саналады. Осы жылдар ішінде арамызда тек достық қатынастар болды. Ынтымақтастығымыз жалғаса береді деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.