Бүгін Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аграрлық ғылымды дамыту мәселесіне назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тағы бір мәселе - ауыл шаруашылығындағы аграрлық ғылымы. Бұл да бізде еш дамымай отыр. Бізде үш университет бар - Алматы мен Астанада және Батыс Қазақстанда. Олар өз беттерімен жұмыс істеуде. Мен мұны айттым жүрмін. Сонымен бірге бұл университеттерге тек қыздарды алады. Қыздарға менің қарсылығым жоқ, болған да емес. Дегенмен, ол қыздар ауылға бара ма?» деп сұрады Елбасы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтен.
«Иә, соған квота енгізейік деп отырмыз , ауылдық жерден келетін студенттер саны 70 процент болуы керек», - деді өз кезегінде ол.
Осы ретте Мемлекет басшысы фермерлер, ауыл шаруашылығы басшылары жастарға шәкірақыларын, гранттарын төлеп беретіндігін айтты.
«Содан кейін ауылына қайтып келуіне жағдай жасау қажет. Қалғанының барлығы тамыр-таныстық немесе ҰБТ-да рейтингін төмендетеді де өтпей қалғандарын жинап алады. Өйткені ректор жұмыс істеуі керек қой. Студент болмаса не істейді? Мұғалімдер не істейді студентсіз? Әйтеуір студент болуы керек, мемлекет ақшасын төлеп жатыр», - деген Мемлекет басшысы Өмірзақ Шөкеев мәселені ретке келтіретіндігіне сендірді.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті мал шаруашылығында, мал өнімдерін өңдеуде, ауыл шаруашылығы ғылымында түбегейлі өзгерістер қажет екендігін ескертті.