13 қаң, 2021 сағат 11:52

Навальный Ресейге 17 қаңтарда оралатынын айтты

Оппозициялық саясаткер Алексей Навальный Ресейге 17 қаңтарда оралатынын хабарлады. Ол Мәскеуге ұшақ билетін де алып қойған.

"Барамын ба, бармаймын ба" деп ешқашан ойланған емеспін. Себебі мен елден кеткен жоқпын. Мені өлтірмек болды. Сол себепті мені Германияға реанимациялық қораппен жеткізді. Ресей - менің отаным, Мәскеу - туған қалам, оны сағынып кеттім" деп жазды саясаттанушы әлеуметтік желіде.

Былтыр тамыз айында улану белгілерімен Омбы ауруханасына түскен саясаткер екі-үш күннен соң медициналық ұшақпен Берлиндегі клиникаға жеткізілген. Бірнеше тәуелсіз зертхана оның "Новичок" тобына жататын қауіпті затпен уланғанын анықтаған. Ол Берлин ауруханасынан шыққаннан кейін Германияда сауықтыру бағдарламасынан өткен.

Ресей билігі саясаткерге қастандық жасалғанын жоққа шығарады. Навальныйды улау оқиғасы бойынша да іс ашылған жоқ. Арнайы зерттеу жүргізген халықаралық журналистер тобы Жемқорлықпен күрес қорының негізін қалаушыға ФСБ қызметкерлері қастандық ұйымдастыруы мүмкін екенін айтқан. Кремль оқиғаға қатысы жоғын айтып келеді.