07 сәу, 2021 сағат 08:06

Наурызда Электрондық еңбек биржасына 62,5 мың бос жұмыс орны орналастырылды

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (бұдан әрі - ЕРДО) деректері бойынша 2021 жылғы наурызда Электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі - ЭЕБ) 62,5 мың бос жұмыс орны орналастырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, оның ішінде 49,8 мыңы – білікті қызметкерлер үшін. Ізденушілер 51,1 мың түйіндеме жариялады, оның 34,3 мыңы білікті мамандардан.

Өткен аймен салыстырғанда ЭЕБ - дағы бос жұмыс орындарының жалпы саны 5% - ға, ал орналастырылған түйіндемелердің саны 17% - ға азайды. Қазіргі уақытта ЭЕБ-да 32,2 мың бос жұмыс орны ашық күйінде қалып отыр.

«1 наурыздан бастап портал кеңейтілген функционалмен жұмыс істейді. Яғни жұмыс берушіні немесе жұмыскерді іздеу критерийлерінің саны ұлғайды, кәсіптердің жаңартылған анықтамалығы мен дағдылар банкі енгізілді, сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде пайдаланушыларға ерікті түрде қоныс аудару жөнінде ақпарат беретін сервис алғаш рет іске қосылды. Пайдаланушылардың жаңартылған қызметке деген қызығушылығының артуын күтеміз, ол жұмыс берушілерге тиісті қызметкерлерді таңдауға, ал азаматтарға лайықты жұмыс табуға көмектеседі», – деп атап өтті ЕРДО Стратегия және жобалық басқару департаментінің бас сарапшысы Айжан Мұқышбаева.

Жекелеген білікті мамандықтарды қарастыра отырып, наурыз айында ЭЕБ-да автобус жүргізушілерінің (950 бос орынға қарсы 217 түйіндеме), күзетшілердің (385 түйіндеме және 941 бос орын), орта медициналық персоналдың (772 түйіндеме және 1559 бос орын), даяшылардың (18 түйіндеме және 506 бос орын) және жалпы практика дәрігерлерінің (186 түйіндеме және 669 бос орын) тапшылығы байқалғанын атап өткен жөн. Біліктілігі жоқ қызметкерлердің арасында жүк тиегіштер, тазалаушылар, сондай-ақ ас үй бойынша көмекшілер жетіспейді.

«Пандемия кезінде денсаулық сақтау саласындағы жоғары білікті мамандарға да сұраныс жоғары. Наурызда 3,2 мың бос жұмыс орны орналастырылды, олар бойынша негізінен жалпы практика дәрігерлері, педиатр дәрігерлер, анестезиолог дәрігерлер және реаниматологтар қажет болды. Сонымен қатар, бар ұсыныс жұмыс берушілердің қажеттіліктерін қанағаттандырмайды. Наурызда осындай 788 түйіндеме ғана орналастырылған», – деп қорытындылады Айжан Мұқышбаева.

Айта кету керек, білікті емес еңбек ұсынысы, сондай-ақ мамандықтар бойынша білікті және білікті емес еңбек ресурстарына сұраныс өткен аймен салыстырғанда өзгеріссіз қалды, ал білікті еңбек ұсынысы айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Ақпан айында көбінесе кеңсе қызметкерлері, қаржы және инвестициялар бойынша кеңесшілер, заңгерлер мен экологтар көп болған болса, наурыз айында ауыл шаруашылығы қызметкерлері, кондитерлер мен тігіншілер арасында жоғары бәсекелестік байқалады. Біліктілігі жоқ жұмыскерлерге келетін болсақ, наурыз айында аумақты көгалдандыру және абаттандыру бойынша жұмысшылар, аула сыпырушылар, сондай-ақ вахтерлер мен консьерждер артық болды.

Өңірлік бөліністе жұмыс берушілерден ұсынған бос жұмыс орындарының ең көп саны Нұр-Сұлтан қаласында (жалпы санынан 9,4 мың немесе 15%), Қостанай облысында (7,4 мың немесе 12%), сондай-ақ Алматы қаласында (5,6 мың немесе 9%) байқалды. Бұл ретте бір ай ішінде бос орындар санының ең көп өсуі Нұр-Сұлтан қаласында (+23%), Солтүстік Қазақстан (+22%) және Павлодар (+22%) облыстарында орын алды. Сонымен қатар, бос орындардың ең азы Қызылорда (жалпы санынан 1,3 мың немесе 2%) және Жамбыл (1,9 мың немесе 3%) облыстарының, сондай-ақ Шымкент қаласына (1,9 мың немесе 3%) тиесілі болып отыр. Бір айда бос орындар санының қысқаруы Түркістан (-45%) және Жамбыл (- 32%) облыстарында байқалды.

«Наурыз айында білікті еңбекке деген қажеттілік Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында 24%-ға және 19% - ға өсті. Екі аймақта да фермерлер мен ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысшылар, сондай-ақ қызмет көрсету және сату саласындағы жұмысшылар сұранысқа ие болды. Солтүстік өңірлерде көктемгі егіс жұмыстарының басталуы аясында ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне сұраныстың артуын күтудеміз, ал қызмет көрсету және сату саласындағы қызметкерлерге қажеттіліктің артуы наурыз айының басынан бастап осы өңірлерде карантиндік шаралардың әлсіреуімен байланысты», – деді Айжан Мұқышбаева.

Ізденушілерге келетін болсақ, түйіндемелердің ең көп саны Жамбыл (жалпы санынан 6 мың немесе 12%), Алматы және Түркістан облыстарында (4,1 мың немесе 8%) орналастырылды. Бұл ретте наурыз айында Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында тұратын азаматтар аз жұмыс іздеген (1,5 мың немесе 3%-дан).