Журналистермен телеконференция форматында кездескен НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг "коронавирус пандемиясына қарсы әрекет туралы жалған ақпарат таратты" деп Қытай мен Ресейді айыптады.
- Ресей мен Қытай өкілдері "НАТО мүшелері Covid-19 пандемиясына қарсы әрекетте бірін-бірі қолдамайды, бұл елдер қарияларын қорғай алмайды, вирустың таралуына НАТО мүшелері жауапты" дей бастады. Біздің қолымызда Мәскеу мен Пекиннің шындыққа сай келмейтін, НАТО арасында араздық туғызуға бағытталған бірнеше мәлімдемелері тұр, - деді НАТО басшысы.
Оның айтуынша, таяудағы телеконференцияда НАТО елдерінің қорғаныс министрлері бірлескен жұмысты күшейте түсуге уағдаласқан.
Журналистердің кейбір сұрақтары НАТО әскерін осы одақтың шығыс қапталына орналастыру мәселесіне арналды.
Столтенберг НАТО әскерін Балтық республикаларының аумағына орналастыру жайлы шешім өзгермейтінін айтты.
- Бұл - жай сөз емес, нақты іс. Одақтастардың әскери бөлімдері Литва, Латвия, Эстония және Польша аумағына жеткізілді. НАТО авиациясы бұл елдердің әуе кеңістігін бақылап, НАТО әскери кемелері Балтық теңізінде патрульде жүр, - деді НАТО басшысы.
Йенс Столтенберг одақтастар әскерінің үздіксіз жаттығу мен бірлескен іс-қимыл жасауға мүмкіндігі бар екенін айтты. Әскери дайындықтың негізгі бөлігі әскери база орналасқан жерде өтеді.
"НАТО әскері өзге өңірлерде де миссиясын жалғастырады. Мысалы, Ауғанстанда біздің мың әскери қызметкеріміз ауған қауіпсіздік күштеріне қолдау көрсетіп жүр. Біздің күштеріміз Косово тыныштығын сақтауға да үлес қосып отыр".
Йенс Столтенберг одақтастардың әскери кемелері Түркия мен Еуропа одағы арасындағы миграция дағдарысын еңсеру жөніндегі келісімді орындауға жәрдемдесу үшін Эгей теңізінде де жүргенін айтты.