06 нау, 2018 сағат 15:40

Наруыз мейрамы туралы аңыз

Наурыз бүкіл шығыс халықтары үшін ерекше мереке, маңызы үлкен салтанатты оқиға. Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде (1920 — 25) шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып тоқтатылды, бірақ Қазақстанның бар аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды. 1988 жылдан Алматы қаласында, республиканың көптеген аудандарында наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады.

Халқымыз үшін Наурыз – Ұлыс күні, жыл басы саналады. Бұл күннің басқа күндерден ерекшелігі – адамдар пендешілік атаулыдан тазарып, араздасқан ағайынды, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм татырып, табыстырады. 

Наурыз мерекесінің пайда болуы жайлы әркім әртүрлі дерек айтады. Біреулер Сүлейменнің жүзігі табылған күн десе, Иран аңыздарында адамзаттың отты пайдалана білген сәтін Наурыз деп атаған деседі. Адамзат емес, бір ғана түркі тайпаларында бұл күн жайлы аңыз да, ертегі де көп. Белгілі этнограф-қаламгер Сейіт Кенжеахметовтың жиған-терген, жүйелеген деректеріне сүйенсек, «Самарқандағы Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген үлкен көк тасқа Ұлыстың Ұлы күні күн сәулесі тікелей түскенде әлгі тас бірер сәтке ериді екен» деген аңыз бар.

Енді бір аңыздардың бірі былай дейді: «Бір күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәт жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татыпты. Содан бұл күнді – Ұлыстың Ұлы күні деп жариялайды».

Қалай десек те, наурыз тойы қазақ даласында елеусіз қалған емес. Қайта қазақ ұлтының ең ұлы мерекесінің бірі болып тойланып келді. Жалпы «Самарқанның көк тасы еріген күн» қазақ даласы үшін құт-берекенің басы. Бұл күні өкпелескен, араздасқан алыс-жақын ағайын-туыс, дос-жаран бір-біріне кешіріп, өкпе-ренішін ұмытады. Егер ұмытпаса, «Сен тастан да қаттысың ба, бұл күні Самарқанның көк тасының өзі жібиді ғой» деп наз айтатын болған екен.