фото: Ulysmedia
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Астанада ұсталған мұнайшылар мен оларға қатысты қолданылған шаралар туралы айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
"Кешегі жағдайға қатысты. Іс жүзінде энергетика министрлігі, "Қазмұнайгаз" және ІІМ де жеткілікті түрде хабардар болған жоқ. Шынында да, 10 сәуірде Энергетика министрлігі ғимаратының алдында "БерӘлі Манғыстау Company" бұрынғы жұмысшылары заңсыз жиналыс өткізіп, олардың ЖШС-дағы жұмысын қалпына келтіруді немесе "ӨзенМұнайГазға" жұмысқа орналастыруды талап етті. Айта кету керек, олар мұндай акцияларды өткізу туралы хабарлама тәртібін бұзған. Мұндай пикеттер мен акциялар әкімдіктерге бес күн бұрын ескертілуі қажет. Мұндай хабарлама берілген жоқ", - деді Өмірәлиев Мәжіліс кулуарында.
Бас прокурордың орынбасары қазіргі уақытта ұсталғандар босатылғанын атап өтті.
"Әкімшілік құқықбұзушылықтың алдын-алу мақсатында жиынға қатысушылардың бәрі Ішкі істер органдарына жеткізілген болатын. Оның нәтижесінде тиісті профилактикалық жұмыс жүргізілді. Барлық жұмысшы қайтарылды (126 адам - еск.). Бірақ ішінде айрықша белсенділік көрсеткен бес азаматқа қатысты тиісті әкімшілік іс қозғалып, сотта қаралып, оларға ескерту тәртібінде шара қолданылды. Кейін бұл азаматтар да босатылды", - деп қосты ол.