Мысырдың құқық қорғау органдары қазақстандық студенттер туралы ресми ақпарат бермей отыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР СІМ өкіліне сілтеме жасап.
"Мысырдың құқық қорғау органдары ұстап әкеткен отандастарымыз туралы әлі ешқандай ресми ақпарат бермеді. Елдің ресми билік өкілдері олардың дені сау және қауіпсіз жағдайда екенін айтады. Каирдегі Қазақстан елшілігі ақпарат беру мен консулдың азаматтарымызбен кездесуіне жол беруін талап етіп отыр. Ресми емес ақпарат бойынша, Мысырдағы бірнеше лаңкестіктен кейін енгізілген қазіргі төтенше жағдай уақытында елдің арнайы қызметі қауіп төндіруі мүмкін тұлғаларды ұстау бойынша арнайы операция жүргізіп жатыр", - деп жазған Facebook желісіндегі парақшасында ҚР СІМ өкілі Әнуар Жайнақов.
Осыған байланысты Қазақстан елшілігі азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Осы жағдайға байланысты елшілік Мысырдағы Қазақстан азаматтары арасында жергілікті заңнама талаптарын сақтау мен өз құқықтары жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. СІМ қазақстандық студенттер мәселесін ерекше назарда ұстап отыр. Бүгін Каирдегі Қазақстан елшісі осы мәселе бойынша Мысырдың Сыртқы істер минстрінің орынбасарымен тағы да кездеседі", - деп аяқтады сөзін Жайнақов.