20 қаз, 2017 сағат 11:55

Мырзатай Жолдасбеков 100 жаңа оқулықты аударуға қатысады

Мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасының редакциялық алқасына мүше болды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"Шынтуайтына келгенде, 100 жаңа оқулық аудармасына біздің келешек ұрпақ мұқтаж болып отыр. Жасыратыны жоқ, қазір өз елімізде, қазақ тілінде шыққан оқулықтардың көбіне жұрт наразы, сапасына көңілдері толмайды. Осыны ескере отырып және дүниежүзі халықтарының интеграциясы күшейген заманда әлемнің беделді оқу орындарының руханият саласындағы таңдаулы оқулықтарын қазақ тіліне аудару - өте игілікті жұмыс. Жалпы, біздің балалар - дарынды, талантты балалар. Әлемнің түпкір-түпкірінде болған байқаулардан бәйгені суырып әкелгендерін жиі оқимын. Оның үстіне, мынадай сапалы аудармамен балалардың білімі толыға түседі», - деді М.Жолдасбеков Астанада өткен «Жаңғыру 3.0: Рухани жаңғыру» конференциясында. 

Академик аударма жауапкершілігінің салмақты екенін, оның сапасына мән беруді және оқулықтардың қазақ ұғымына сіңісті болу керектігін баса айтты.

«Біздің тілегіміз де осы, жаңа оқулықтар қазақ тіліне, қазақ ұғымына сіңісті болуы керек. Оқулықтарды аударып, әбден електен өткізген соң, біздің қолымызға берсе, нағыз әдеби тілге, ұрпақ түсінеді-ау деген қанықты тілге ыңғайлап бере аламыз», - деді М.Жолдасбеков.

Айта кетейік, Астанада «Жаңғыру 3.0: Рухани жаңғыру» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр.  Онда «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы мен қоғамдық сананы жаңғыртудың тұжырымдамалық мәселелері талқылануда.