Мьянманың қазіргі көшбасшысы және мемлекеттің сыртқы саясат ведомствосының басшысы Аун Сан Су Чжи тамыз айында әлемді шулатқан оқиғалардан кейін бірінші рет мұсылмандар тұратын Ракхайн штатында болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
Бір күндік сапарында Су Чжи штаттың бірнеше қаласын аралады. Ал халықпен кездесу барысында Мьянма үкіметі мен рохинджа мұсылмандарының арасындағы шиеленісті шешу үшін жақында қабылдаған жаңа даму жоспары туралы айтты.
«Даму жоспары азаматтық үкімет пен жергілікті бизнес топтардың, шетелдік инвесторлардың көмегімен жүзеге асырылатын болады», деді Су Чжи.
ВВС News тілшісінің айтуынша, 25 тамыздан бері 600 мың рохинджа мұсылмандары Бангладешке көшкен.
Бірақ Мьянма басшысы халықпен кездесу барысында рохинджалардың шетел асып кеткені туралы ештеңе айтпағанын жазыпты. Бұған дейін Су Чжи шетел асып кеткен мұсылман рохинджалар елге қайта оралуына болатынын айтқан. Бірақ әскери күштің әрекетінен қорқып қалған халық елге оралуға асығар емес. Ал мұсылмандарды жаппай қудалауды қолдайтын ракхайндық олардың мемлекетке қайта оралуына қарсы екендіктерін айтты.
Естеріңізге сала кетсек, Мьянма үкіметі мен рохинджа мұсылмандарының арасындағы қақтығыс ондаған жылдар бойы жалғасып келеді. Оның басты себебі – рохинджалар мемлекеттің азаматы ретінде тіркеле алмайды. Рохинджа мұсылмандары халықтың басым көлігі будда дінін ұстанатын Мьянма еліндегі этностық топ саналады. Ал тамыз айында Мьянма әскерилері полиция бөлімшелеріне шабуыл жасап, 12 адамды өлтірген болатын. Ол кезде Мьянма басшылығы бұл әрекеттің қарапайым азаматтарға қарсы ұйымдастырылмағанын айтқан. Ал БҰҰ рохинджа мұсылмандарына қарсы операцияны этникалық «тазалау жұмыстары» деп атаған еді.