Алматыға жасаған іс-сапары барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына жаңа директор тағайындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жаңа тағайындау туралы Мәдениет және спорт министрі Facebook парақшасында жазды.
«Алматы қаласына жасаған іс-сапар барысында Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына бардым.
Театрдың жұмысымен танысып, Есеналиев Талғат Қамқабайұлын аталған мәдени нысанның директоры қызметіне тағайындадым»,- деп жазды Дәурен Абаев.
Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрі бұған дейін театрдың дамуына айтарлықтай еңбек сіңірген үшін Сұрапбаев Азамат Сатыбалдыұлына алғыс білдіріп, жаңа директор Талғат Қамқабайұлына жауапты қызметте сәттілік тіледі.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі таратқан мәліметке сәйкес,Талғат Қамқабайұлы Есеналиев 1977 жылы дүниеге келген. Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада – цирк колледжін «Актер және көркемсөз оқу шебері» мамандығы бойынша бітірген. Орта – АзиалықУниверситетін «Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша, ФГОУДПО «РАТИ ішіндегі Сахна өнері қайраткерлерінің жоғары мектебін» (Ресей, Мәскеу қ.) «Сахна өнерінің шебері» мамандығы бойынша, Алматы үздіксіз білім беру университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын «Режиссура» мамандығы бойынша бітірген. Өнертану ғылымдарының магистрі.
Еңбек жолын 1997-2003 жылдары – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас администраторы болып бастаған.
2003-2015 жылдары – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театр директорының бірінші орынбасары;
2015-2016 жылдары – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры директорының бірінші орынбасары;
2016 жылдан МКҚК «Мемлекеттік қуыршақ театрының» директоры қызметін атқарған.