ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы, бірінші вице-министр Бағдат Мусин мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарығады жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілін ұсынды.
Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Вице-министрдің жазуынша, коронавирус індетіне байланысты көрсетілетін мемлекеттік қызметтер немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) жұмысы онлайн режимге көшірілді. Кезекті хронология бойынша онлайн брондау процесі бұрын eGov.kz порталы мен Телеграм-бот арқылы жүзеге асырылып келді.
«Қазіргі таңда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында белгілі бір сомаға қандай да бір қызмет түрлерін алуға «көмек» көрсетушілер пайда болғаны ешкімге жасырын емес. Яғни олар алдын ала бронь жасайды да, өзінің кезегімен сіздің қызмет алуыңызға мүмкіндік жасап, сол үшін сізден ақы алады. Міне, осындай «көлеңкелі қызметтердің» алдын алу үшін кезекті брондаудың тағы бір әдісі енгізілді. Оған сіздің жеке сәйкестендіру нөміріңіз керек және ХҚКО қызметін 10 күнде 1 ретттен артық пайдалана алмайтындай шектеу қойылды. Алайда, маған одан кейін де кезекті сату әрекеттері әлі де жалғасып келе жатқандығы туралы хабар келіп түсіп жатыр. Өткен аптаның соңында осы мәселемен мықтап айналысып, Азаматтарға арналған үкімет/ Правительство для граждан басшылығына жемқорлықпен байланысты осындай әрекеттердің алдын алуға бағытталған жаңа механизм іске қосылғанша жағдайды бақылауда ұстауды тапсырдым. Жаңа тәсіл бойынша, көлік нөміріне немесе сатушының болмаса сатып алушының ЖСН-не тіркеу жүргізіледі»,-дейді Бағдат Мусин.
Осы ретте ол аталған проблема бойынша, азаматтардың ұсыныс, пікірлері болса тыңдауға дайын екенін жеткізген.