18 қыр, 2020 сағат 08:13

Мусин: Алдағы уақытта мемлекеттік қызметті eGov-тан ғана емес, барлық жерден алуға болады

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин танымал адвокат Жохар Өтебековтың eGov-қа қатысты шағымына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек, бұған дейін Жохар Өтебеков eGov.kz порталын сынға алған еді. Оның айтуынша «Электронды үкіметке» жүктеуге болатын файлдар беске, ал көлемі 10 МБ-ға дейін азайған. Адвокаттың клиенті полицияға салмақты файлдарға салынған арызын енгізе алмапты. Сонымен бірге Жохар Өтебеков ТЖ кезінде 42 500 теңге ала алмай әлек болған азаматтардың мәселесін көтеріп, неліктен сол тұста «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясының басшысын жұмыстан шығарылмағанын сұраған болатын. 

Адвокаттың бұл шағымына Бағдат Мусин Facebook парақшасында жауап берді.

Оның хабарлауынша eGov.kz бұдан былай онлайн режимде мемлекеттік қызмет көрсететін монополиялық терезе болмайды. Яғни, мемлекеттік қызметті бұдан былай барлық жерде, тіпті Каспий банктің мобильді қосымшасынан да алуға болады. Жуық арада жұмыс толыққанды ретке келтіріліп, министрлік бұл өзгерістер туралы мәлімет таратпақ. 

«Сондай-ақ eGovMobile-ға кіру биометрия бойынша жүргізіледі. Яғни, кез келген азамат мобильді қосымшаны жүктеп алып, телефонға жүзін көрсетсе болды, қолданушы болып шыға келеді. Тіпті бұл әдіс өз тарапынан ЭЦҚ-ны да алмастыруға қауқарлы. Өтініштермен жұмыс істеу әдісін WhatsApp-қа мәтін жазғандай жеңіл еткіміз келеді», - дейді ол. 

Министрдің айтуынша «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясына үлкен жауапкершілік жүктелген. Алайда бұл бағыттағы құзыреттердің біршамасы министрліктерге бөлінген. 

«Жаңғыру керектігін білеміз. Сол бағытта жұмыс та жүргіземіз», - дейді ол.