05 қаң, 2021 сағат 14:20

Мұрат Бақтиярұлы: Тәуелсіздіктің алтын арқауы – ұлттық мүдде

Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы 5-ші қаңтары күнгі Egemen Qazaqstan газетінде осы жылы еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толатындығын және тарихтың осы бір аса қысқа мерзімінде қандай тарихи жетістіктер мен табыстарға қол жеткізгендігіміз жайлы жан-жақты баяндап берді. Президентіміз айтып отырғанындай, біз үшін Тәуелсіздік бәрінен де қымбат екендігін әрбір қазақстандық жете сезіне білуге тиісті. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстарымызды да ешкім жоққа шығара алмайды. Біз ендігі арада Тәуелсіз Қазақстанның отыз жылда қол жеткізген табыстарын баянды ете отырып, ел егемендігін одан әрі нығайтуға міндеттіміз. Қазір әлем бойынша пандемия індетінің таралуына байланысты әлеуметтік және экономикалық салада күрделі жағдай қалыптасып отырғаны белгілі. Індеттің зардаптары біздің елімізді де айналып өтпегендігі анық», - деді сенатор. 

Сонымен қатар М. Бақтиярұлы Қазақстанды біртұтас мемелекет ретінде әлем мойынданын еске салды. 

«Президентіміздің мақаласында қасиетті қазақ жері – ең басты байлығымыз деп атап көрсетілген. Ендігі арада жеріміздің тұтастығына күмән келтірудің қажеті жоқ және бұл орайда сыртқы арандатушылардың әрекеттеріне ермей, ежелгі көршілерімізбен ынтымағымызды, бірлігімізді жоғалтпау қажеттігі айтылады. Қазақстан біртұтас мемелкет екендігін әлем мойындағалы қашан! 

Мемлекет басшысы өзінің осы мақаласында ұлттық мүдденің тәуелсіздіктің алтын арқауы екендігіне баса назар аударып отыр. Бұл орайда, мемлекеттік тілдің еліміздің басты нышандарының бірі екендігі ретінде қарастырылуы әбден орынды. Сондықтан да, Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі екендігіне баса назар аударылып, бұл тілді бүкіл халқымызды біріктіруші күшке айналдыру қажеттігі өте жақсы айтылыпты. Ендігі мәселе өзімізде екені ақиқат. Әр қазақ баласы ең әуелі өзінің ана тіліне өзі қамқор болуға тиісті. Өсіп келе жатқан ұрпағымызды өз тілінде тәрбиелеу әр ата-ананың ұлт алдындағы парызы болса керек», - деді депутат. 

«Сонымен бірге, Президент Қазақстанның әрбір азаматының мемлекеттік тілді білуі парыз, міндет екендігін атап көрсетіп, қазақ тілін меңгере алмай жүргендерге үндеу тастайды. «Ештен кеш жақсы» деген халық даналығы алға тартылып, мемлекеттік тілді үйренуге ең бастысы ынта керектігі айтылады. 

Қазақ халқы қай заманда болмасын өзге ұлыстармен тату бірлікте өмір сүре білген. Ешкімді жатсынған жоқ. Бұл тарихи ақиқат. Мемлекет басшысы осы жайлы айта отырып, елдегі тұрақтылық пен береке, бірлік үшін бәріміздің жауапты екендігімізді дұрыс айтқан. Біз қашан болсын халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды дәріптеп, соны ой санаға берік орнықтыру жөнінде айтылған ойды құптаймын. 

Тәуелсіздігіміздің алтын арқауы және басты құндылығы ұлттық мүдде екендігіне Мемлекет басшысы өз мақаласында кеңінен тоқталады. Біз ұлттық мүдде мен тәуелсіздікті бәрінен биік қоямыз. Халқымыздың бар жақсы қасиеттері, ұлттық мүддесі тек қана Тәуелсіз елдің жағдайында ғана дамып, өрісін кеңейте түсетіндігін ұмытпайық», - деді Мұрат Бақтиярұлы.